Қазақтың жан-дүниесі таза, елге сыйлы, қадірлі адамдары жайлы айтқанда, әртүрлі ұнамды теңеу-анықтамалар қатарында «е, ол кісі ғой» деп қысқа қайыра салатыны болады. Түсінікті. «Кісі ғой» дегенге бәрі сыйып тұр. Өз басым, құдайға шүкір, арғы-бергіде сондай жандардың талайын ұшыратқаныма мың тәубе. Бұл олармен жақын араласып, қоян-қолтық болдым деген сөз емес. Кісілікті жандар онсыз да, сырттай болса да жігерді жанып, кім-кімнің де көңіл әлеміне нұр сепкендей сезім ұялататыны әлімсақтан аян ғой.
Ұлттық мақтаныш, намыс, қазақ дегенді кім қалай қабылдап, қалай түйсінеді, ол басқа әңгіме. Ал өз басым облыс аумағының 60 пайызын қазақ мекендейтін Ташкенттен Алматыға алғаш келгенде, алдымен, мұндағы өз қандастарымыздан қара үзіп шыққан айтулы тұлғалар кім, ұзын саны қанша, бірден соларға зер салдым. Бұл енді өздерін қашанда көтермелеп сөйлейтін өзбек ағайындардан ауысқан «жоралғы» болуы да ғажап емес. Жақсы жоралғы. Өйткені, олардан әлдебіреулер елден ерек топ жарып шыққанда, сол заматта бізде кім бар деп елең етудің көрінісі. Сол Ташкентте (1950 жылдар) КСРО халық суретшісі Орал Таңсықбаев, отыз жыл республикалық банкті басқарған Құлшар Әлиев, «Социалистік Қазақстан» газеті сияқты «Қызыл Өзбекстан» газетінің редакторы Зиябек Есенбаев, өзбек тіліндегі мұғалімдер газетінің редакторы Сейіт Көркембаев, политехникалық, тоқыма институттарының директорлары (онда ректор демейді) Ниязов, Оразбаев, басқа да толып жатқан министр, Орталық партия комитетінде бөлім, сектор басқарған қазақтарды іштей мақтан еткенмін.
Өзбектердің де оза шапқан мықтылары аз болмайтын, әрине. Хамза атындағы драма театрында Аброр Хидоятов, Сара Ишантураева, Әлім Ходжаев, түп атасы қазақ Шүкір Бұрханов секілді төрт бірдей КСРО халық әртісі бар кез еді. Өзбек тілін түсіну қиын емес, оларды сахнадан талай көрдіқ. Олар одақтық фильмдерге де түсетін. Шүкір Бұрханов қазақ кинорежиссері Дариға Тінәлина қоюға қатысқан «Илья Муромец» фильмінде басты кейіпкерлердің бірін сомдады.
Дәм жазып Алматыға келген соң осындай-осындайларға мән бере жүрдік. Тіпті, медицина саласында қазақтан қанша профессор барына дейін анықтап білдік, төрт-бесеуден аспайды екен. Басқа институттар мен маңдайдағы жалғыз университетте де солай, онда да, тарих пен тіл-әдебиеттен басқаларда жоққа тән, арадан көп жылдар өткенде ғана төрт құбыла теңелгендей болғаны рас.
Бертінде Орталық комитеттің санаторийінде Байкенов, Байтасов секілді генералдар, Қ.Шәріпов, Қ.Үсебаевтай белгілі журналистерді сырттай қөргенге марқаятынбыз. Шетінен қарапайым, сыпайы, зипа. Бірде санаторийде бойы ортадан жоғары, шымыр денелі, қыран қабақ, қыр мұрын, түр-тұлғасы келіскен, егде жастағы бейтаныс қазақ пайда болды. «Танымасты сыйламас», бұл кім болды екен дейміз. Ұзамай білдік: медицина ғылымдарының докторы, профессор Сибағатолла Қарынбаев екен. Екі рет Денсаулық сақтау министрі, екі рет медицина институтында ректор болыпты. Түсі суық, паңдау. Ешкімнің бет-жүзіне тіктеп қарамайды. Жеке жүріп, жеке тұрады. Кейде демалыс залының түкпір жағында жападан-жалғыз кітап оқып отырады.
Онан соң да дәліз бойында, асхана, тағы басқа жерлерде бетпе-бет, не былайша да көріп жүрдік. Ең бастысы, бұл – атышулы Қарынбаев. Кейіннен білуімізше, екінің бірінің қолы жетпейтін, аса мәртебелі Петербург – Ленинград әскери медицина академиясын бітірген төрт қазақ болса, Қарынбаев сол төртеудің бірі екен (қалғандары С.Асфендияров, Х.Досмұхамедов, А.Рақышев). 1937 жылғы топалаңнан кейін қазақ медицинасында жұлдызы ерте жанған ғұлама А.Рақышев біршама беріде. Демек, екі рет директор, екі рет министр болған адамның қолында бәрі болған. Сөйте тұра, ұлттық кадр тәрбиелеуде пәлен дерліктей ештеңе бітірмеген. Мені түлен түртіп, осындай қияс ойлар иектесін. Оған Ташкент медицина институтын бітірген бойда соғысқа кетіп, бес жылдан кейін Алматыға келіп ғылыммен айналысқан, дер кезінде жазған докторлық диссертациясын – өз «достары», қандас арызқойлардың арқасында – қайтыс боларынан екі жыл бұрын әрең қорғаған жерлес ағамыз профессор Әмір Алданазаровтың сөзі де қамшы болды-ау деймін. Себебі, бірде оның: «Анау өзбектер кадрларын орталыққа (Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьковты айтады) жіберіп, доктор, профессорларды топ-тобымен шығарып жатыр. Бізде ондай жоқ»,– дегені бар-тын. Сонда мұның себеп-салдарына жете үңілмеген мен пақыр оны іштей қолдап, өзімше Қарынбаевқа ренжіген болдым. Және ол шақтарда қазақта медицина ғалымдары көп те емесі шын еді. Қазіргі Т.Шарманов, К.Ормантаев, А.Алдашев ол кездерде доктор ма еді, емес пе еді, есте жоқ. Сондықтан, медицина ғалымдарын өзбектер құсап топ-тобымен тәрбиелемеген қасаң қасқалардың бірі маған Қарынбаев боп көрінді. Абырой болғанда, бұл жөнінде оған жолына көлденең тұра қалып, бетіне айтқан жоқпын.
Енді, міне, бүгін өз дәуіріне лайық ғұмыр кешкен қазақтың сол бір айтулы перзенті, сергек те зерделі, қарапайым, терең ойлы, елге жасаған жақсылық-шапағаты ұшан-теңіз зиялы жанның аруағынан кезінде ұшқары ойлаған асылық, күпірлік үшін кешірім сұрай отырып, Сибағатолла Қарынбаевтың кім болғаны жайлы – ол тәрбиелеген шәкірттерінің бірі – фармацевтика докторы, профессор Кеңес Үшбаевты тыңдап көрейік.
Алдымен Кеңестің өзі жөнінде аз-кем мәлімет-дерек. Жетісу аймағына белгілі ақын, абыз, көріпкел, мейірімді, қарапайымдылығымен аты шыққан Әжібай атаның ұрпағы Кеңес 1940 жылы шілде айында туған. Балалық шағы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген болашақ ғалым сол дәуірдің ұрпақтары сияқты, колхозды ауылда (Шелек ауданы) барлық қиын-қыстауды көріп өседі. Бір жасқа жетер-жетпесте әкесі соғысқа кетіп, жасы 85-те болса да, бір әулетті ештеңеден кенде қылмай бағып-қаққан ақылды қария Ноғайбайдың қамқорлығында өседі (ол кісі 103 жасқа жетіп дүние салған). Кеңестің әкесі майданнан аман-сау оралады. Кеңес колхозға да, үй шаруасына да араласа жүріп, орта мектепті медальмен бітіреді. Сол шақтағы үрдіс бойынша, екі жыл өндірісте жұмыс істеп, институтқа содан соң келеді. Қалауы медициналық оқу орны болады. Мектепті медальмен бітіргендіктен, оқуға түсу үшін бір-ақ пәннен емтихан тапсыруы және тек «бес» алуы керек. Бірақ, емтихан қабылдаушылар оған «төрт» қояды. Бұған наразы болған Кеңес қолма-қол ешкім күтпеген тосын әрекетке барған. Кейін: «Емтиханды қайта қабылдауды өтініп, сол кездегі ректор Самаринге кірейін десем, маңына жолатпады. Денсаулық сақтау министрі қазақ деген соң, тәуекелге бел байлап, сол кісінің қабылдауына бардым», – деп еске алады. Ал енді ауылдан келген шикіөкпе баланың мұнысы жүрекжұтқандық па, өткірлік пе, шамалай беріңіз. Әйтеуір, қалай десе де жарасқандай. Өйткені, тағдыры қыл үстінде. Не әрі, не бері. Сондықтан, жығылса, нардан жығылуға бел буған.
– Ол кісі (министр) жұмысқа сағат сегізде келеді екен, – деп сөзін жалғастырды Кеңес Үшбайұлы. – Мен жеті жарымда барып, есік алдында тосамын. Тамыз айының ортасы, басқа емтихандар өтіп кеткен. Бip пәннен ғана тапсырып түсемін ғой деп, өзге сабақтарға дайындалмаған едім. Алайда, химияны түгел жаттап алғанмын. Министрлікке екі-үш мәрте барғаннан кейін бip жолы қабылдау бөлмеден мені күнде көрсе де елемей өтіп кететін министр: «Сен маған келіп жүрсің бе?» – деді. «Иә, аға, химиядан бар кітапты жатқа білемін, сонда да төрт қойды. Ендігі өмірім сізге байланысты боп тұр»,– деп ашығын айттым. Арызымды алдына қойдым. Ол: «Профессор Самарин! Прошу его принять»,– деп жазып берді. Қуанышымда шек жоқ. Бірден Самаринге тарттым. Ректор дереу емтихан комиссиясының жауапты секретары Полина Степановнаға тапсырды, ол емтихан қабылдайтын – бipeyi қазақ, бipeyi орыс – екі оқытушыны шақырды. Осылайша емтиханды қайта тапсырып, «бес» алдым. Бipiншi құдай, екінші Қарынбаевтың арқасында оқуға түстім. Неткен кісілік, адамгершілік! Қарынбаевтан басқа бipey мұндай ізгілікті жасар ма еді, жасамас па еді, білмеймін. Қарынбаевқа рахмет. Қабылдауына қайта барып, ризалық білдіруге жүрексіндім.
Кеңес Үшбаев осылай дейді. Сонда бip бейтаныс балаға солай еткенде, басқалар қағыс қалды дейсіз бе? Кейін Қарынбаевтың көмек қолын созып, қамқорлық жасағаны тек ол емес, көл-көсір боп шықты. Біз бipeyiн ғана сөз етіп отырмыз.
Әpi қарай: «1963 жылы Қарынбаев министрліктен түсіп, біздің институтқа ректор боп келді, – деп жалғастырды Кеңес Үшбайұлы. – Ол кісі жұмысқа күн сайын бip минут артық та емес, кем де емес, тура сағат сегіз жарымда келетін. Ілуде болмаса, терезеден қарап отырамын да, көрген бойда алдынан шығып сәлем беремін. Бетіме көз қиығын салады да, өтіп кетеді. Бip күні тағы да сәлем бере алдынан шыққанымда: «Сен менімен бipгe жүр», – деді салқындау сөйлеп. Кабинетіне кірдік. Көптен айтсам деп жүргендерімді апыл-ғұпыл сыртқа шығарып: «Рахмет, ағай, сіздің арқаңызда оқуға түстім»,– деп жалпылдап жатырмын. Ол болса бірден:
– Сабақты қалай оқып жүрсің? Деканың кім? – деді.
– Оқуым жақсы, декан Тихон Федорович Ильинский, – дей бергенімде, сөзімді бөліп, хатшы қызды шақырды да: «Партбюро хатшысы Калдашов келсін», – деді әй-шәй жоқ.
Калдашов келді. Институтта комсомол комитеті хатшысының орны бос екен. Қарынбаев: «Мына жігітті секретарлыққа сайлауға салыңдар, – деді Калдашовқа. «Оған басқа бipeyдi ойластырып жүр едік» деп, бipеудің атын атаған Калдашовқа «жоқ» деп шорт кесті. Маған қала тұр деп, Калдашовқа «сен бара бер» деді.
Калдашов кетісімен:
– Сен саспа,– деді жылы қабақпен. – Бұл қызмет қолыңнан келеді,– деді де үкіметтік телефонды көтеріп: «Әй, Fибат! – деді әлдекімге. – Сен атадан жалғыз едің, өзің сияқты әкеден жалғыз бip жігітті жібергелі отырмын, соның шаруасын бітір»,– деп телефонды тастай салды.
Бәpi қысқа, нық. Пәлен деуге мұршамды келтірмеді.
– Қазір қажет құжаттарыңды ал да, қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Fибат Мырзағалиевқа бар, – деді онан соң. – Осы қазір, тез жет!
Бұлтақтайтын шама жоқ, бардым. Ғибат тез қабылдады. Барынша кішіпейіл, сыпайы жігіт екен. Бірден шүйіркелесіп, таныстық, табыстық. Тапсырмаларын бepiп, міндеттерді түсіндірді. Ұзамай хатшылыққа сайланып, Ғибатпен ағалы-інідей боп кеттік. Сол сыйластық Fибат аға өмірден өткенше жалғасты. Айттым ғой, сауатты, іскер, алғыр, әділ, бүрмесіз, жалпы қазаққа ортақ, жігіттің сұлтаны еді деп. Сол сөзім – сөз.
Институтта комсомол комитетінің секретары боп жүргенімде, онымен тығыз араласып, туысып кеткендей болдық. Үйіне де барып жүрдім. Сондайда айтқан сөзінің бipiндe: «Бала, маған жұмысың ұнайды. Оқуды жақсы оқитының ұнайды», – деп оқу бiтipгeн соң жұмысқа жолдама беретін комиссия отырысында мені бip облысқа аптека бастығы етеміз дегендерге «бұл жігіт өзімізгe керек» деп, қафедраға алып қалды. Комсомол хатшылығын да қоса атқара бердім. Қазақшылықты қойсайшы, санада түк жоқ, уақыт зымырап өтіп жатыр. Бip күні Қарынбаев шақырып: «Сен не, осылай жүре бересің бе? Аспирантураға талаптан. Tиicтi жерлерге менің атымнан хат жаз», – деп тапсырды.
Ол уақытта Қазақстан тұрмақ, күллі Орта Азияда бipдe-бip фармацевтика ғылымының докторы жоқ-тын. Бүкіл Одақ бойынша 11 доктор бар екен. Бәріне ректордың атынан хат жазылды. Ұзамай барлығынан шақыру келді. Yш хаттың авторын таңдадық. Енді сол үшеудің бipeyiн тағы таңдадық. Міне, осы жерде Қарынбаев:
– Шақырғандардың eкeyi әйел, бipeyi ер адам екен. Меніңше, ер адам дұрыс. Ceбeбi, естуімше, ол соғысқа қатысқан, білімге құштар жастарды бағалайтын, ащы-тұщыны татқан жан құсайды. Соған барсаң қайтеді? – деді мейірімді жүзбен.
– Жарайды, аға, – дедім.
– Онда жолың болсын! Өзім телефон соғып сөйлесемін. Дайындал.
Сөйтіп, алыс Украинадағы Львов қаласына бардым. Болашақ ғылыми жетекші-ұстазым Василий Крамаренко, Қарынбаев ағам айтқандай, беделді, білімді, кішіпейіл, алғыр жан екен. Емтиханнан сүрінбей өтіп, аспирант болдым. Кандидаттықты да, докторлықты да сол кісіден қорғап, өзім оқыған институтта Қарынбаевтың қолдау-қалауымен алғашқыда қызметті ассистенттіктен бастап, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, проректорлық сатылардан өттім. Ол аралықта республикалық аптекалар Бас басқармасы бастығының орынбасары, онан соң бастығы лауазымдарын атқардым.
Медицина институтына проректор боп келгенімде, қадірлі ұстаз-ағам Сибағатолла Рысқалиұлы зейнетке шығып, кеңесші боп жүр екен. Сондағы оның бір ұлағатты ісін айта кетейін. Ол кісі басқа корпуста отыратын. Келген бойда іздеп барып сәлем бердім. Ұзамай бір күні жұмысқа келсем, үстелімнің үстінде Сибағатолла ағаның: «Кезектен тыс демалысқа шығуыма байланысты жалақымды тоқтатып қоюыңызды сұраймын», деген арызы жатыр екен. Соған орай: «Алаңсыз демала беріңіз, жалақыңызды тоқтатпаймыз, келген соң шамалы уақыт үш сағаттың орнына алты сағаттан істерсіз», деген ойымды өз аузыммен барып айту үшін: «Аға, сізге келіп кетейін деп едім», – деп телефон соқтым. Ол салған жерден: «Әй, бала, егер менде шаруаң болса, сен кел, менің шаруам болса, мен барамын», – деп өзі келді. Әлгі ұсынысыма көнбей: «Осы уақытқа дейін үкіметтің бір тиынын жеген жоқпын, енді келіп маған қалайша ұрла деп айтасың», деп ренжіді.
Оның адалдық, тазалық, кіршіксіз, адами қасиеті осыдан да анық көрінгендей еді. Жоғарыда айтылғандай, оның екі рет министр, екі рет ректор болуы да тегін емес-ті. Өз басым Сибағатолла ағадан көрген шапағат-жақсылық, қамқорлық бір төбе де, одан алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие бір төбе деп білемін. «Кім-кімге де айтарың болса, бетіне айт, ешкімді сыртынан жамандама, егер ол шынымен жаман адам болса, басқалар айтсын, сенен шықпасын», – деуші еді-ау жарықтық. Өзі де биязы, көп сөйлемейтін, тұйықтау болғанымен, тура мінезді, тіке айтатын қайсар тұлға еді. Жарқын бейнесі әрқашан көз алдымда, жадымда. Өткен жылы туғанына 100 жыл толғанда С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінде онымен қызметтес болған әріптестері, шәкірттерінің басын қосып, еске алу кешін өткіздім. Жаны жәннатта, иманы саламат болсын.
Ендігі айтарымыз, осы баяндалған жайлардың өзі-ақ қазақ топырағында Сибағатолла Қарынбаевтай ел қамы, ұлт мүддесіне адал, сол жолда шама-шарқынша тер төгіп, күш-жігерін сарқа жұмсаған сайыпқырандардың тіпті де аз болмағанына айғақ-дәлел екені күмәнсіз. Не дері бар, ол заманның тұрқы да, сұрқы да басқа болмады ма?
1950 жылдардың басында бір Баянауылдан өз беттерінше оқып, жетілген өрендерді жаманат тағу үшін қасақана Қаныш Сәтбаевқа теліп, «Казахстанская правда» газетінде «Баянаульская академия» деген фельетон шықты. Сол үшін оны орнынан босатып, қала берді, Ташкент архивтерінде сарғая отырып, Мәскеуде оқып жетілген Е.Бекмаханов, ондаған жылдар көз майын тауысып роман жазған М.Әуезовтерді ұлтшыл деу үшін соңына шырақ алып түскен нұрыштар мен шойынбайлардың сойқандарын көріп-біліп, куә болған С.Қарынбаевтай оқығандардан жоғарыда айтылғандай кісіліктен артық не күтуге болатын еді?! Біз біреуін ғана шет пұшпақтап айтқан болдық. Қадірменді Сибағатолла Рысқалиұлының қазақ үшін жасаған, басқа да екінің бірі біле бермейтін ізгілікті істері мен қам-қарекеттері алда да айтыла берер деп сенеміз.
Шүкір, профессор С.Қарынбаевтың бүгінде «Фармация» компаниясының президенті, айтулы ғалым, адал азамат, Қазақ еліндегі белгілі Атымтай жомарттардың бір де бірегейі, әдебиет жанашыры, қадірменді Кенекең, профессор Кеңес Үшбаевтан өзге де адал шәкірттері аз емес. Қазақтың асқаралы ғалым, айтулы перзенті С.Қарынбаевтың атын мәңгі есте қалдыру үшін бұрынғыларға қосымша тың бастама көтеріп, жар құлақтары жастыққа тимей жүргендер де солар.
Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы.
АЛМАТЫ.